Киелі жазбалар
3‑ші Нефи 14


14‑ші тарау

Иса бұйырады: Үкім шығармаңдар; Құдайдан сұраңдар; жалған пайғамбарлардан сақ болыңдар. Ол Әкенің еркін орындайтындарға құтқарылуды уәде етеді. Матай 7‑мен салыстыр. Шамамен Мәсіх туғаннан кейін 34 ж.

Міне дәл солай болды, Иса осы сөздерді айтып болған соң, ол жиналған қауымға қайта бұрылып, оларға тағы да аузын ашып, былай деді: Сендерге шындықты, шындығын айтамын, үкім шығармаңдар, сонда өздеріңе де үкім шығарылмайды.

Өйткені қандай үкім шығарсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады; ал қолданған өлшем өздерің үшін де қолданылмақ.

Неліктен сен бауырыңның көзіндегі жаңқаны көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?

Немесе өз көзіңде бөрене тұрғанда бауырыңа: Кәне мен сенің көзіңнен жаңқаны алып тастайын деп қалай айтасың?

Екіжүзді, алдымен өз көзіңнен бөренені алып таста; ал бауырыңның көзіндегі жаңқаны содан кейін анық көріп, алып тастарсың.

Қасиеттіні иттерге тастамаңдар, сондай‑ақ інжу‑маржандарыңды шошқалардың алдына лақтырмаңдар, әйтпесе олар соларды аяқтарымен таптап, бұрылып келіп, өздеріңді жарып тастамақ.

Сұраңдар, сонда ол сендерге беріледі; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда ол сендерге ашылады.

Өйткені сұрай берген әркім алады; ал іздей берген табады; қағып тұрғанға есік ашылады.

Немесе араларыңда нан сұраған баласына тас берер қандай адам бар?

10 Немесе ол балық сұраса, ол оған жылан берер ме еді?

11 Егер сендер күнәқар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің Өзінен сұрағандарға қаншалық жасайтытыны ешбір шүбәсіз?

12 Сондықтан, барлық істер де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер, өйткені бұл – заң және пайғамбарлар.

13 Тар қақпадан кіріңдер; өйткені өлімге апаратын қақпа кең, жолы да даңғыл, ал онымен жүретіндер көп.

14 Өйткені өмірге апаратын қақпа да, жол да тар, ал оны біразы ғана табады.

15 Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер, олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ ішінде олар аңдыған қасқырлар.

16 Сендер оларды жемістерінен танитын боласыңдар. Адамдар тікенді жүзім тереді ме, әлде ошаған інжірді ме?

17 Сол секілді, әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді.

18 Жақсы ағаш нашар жеміс, ал нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды ғой.

19 Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағашты кесіп тастап, отқа жағады.

20 Сондықтан оларды жемістерінен танып білетін боласыңдар.

21 Маған Ием, Ием дейтін әркім көктегі патшалыққа кіре бермейді; тек көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана.

22 Сол күні көп адам Маған: Ием, Ием сенің атыңмен пайғамбарлық етіп, сенің атыңмен жындарды қуып, сенің атыңмен көптеген кереметтер жасамап па едік? дейтін болады.

23 Сонда мен оларға: Сендерді ешқашан таныған емеспін; менен аулақ кетіңдер, әділетсіздік істегендер, деп айтамын.

24 Сондықтан, менің осы айтқандарымды тыңдап және орындаған әркімнің үйін берік тастың үстіне қалап салған көреген адамға теңеймін.

25 Міне жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда; ол құламады, өйткені ол іргетасы берік таста қаланған.

26 Ал осы айтқандарымды естісе де, орындамаған әркім үйін құм үстіне салған ақымаққа ұқсайды.

27 Міне жаңбыр жауп, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда; ол опырылып құлап қалды және оның құлауы зор болды.