Киелі жазбалар
3‑ші Нефи 13


13‑ші тарау

Иса нефиліктерді Жаратқан Иенің дұғасын үйретеді. Олар көктегі қазыналарды жинауы керек. Он екі шәкіртке қызмет барысында дүниелік нәрселер туралы ойламау бұйырылды. Матай 6‑ны салыстыр Шамамен Мәсіх туғаннан кейін 34 ж.

Шындығын, шындығын айтамын, мен сендердің кедейлерге қайыр бергендеріңді қалаймын, бірақ байқаңдар, мейірімді істеріңді жұрт алдында көзге түсу үшін істемеңдер; әйтпесе сендердің көктегі Әкелеріңнен ешқандай сыйы жоқ.

Сондықтан қайыр бергенде оны екі жүзділер секілді жұрт мақтасын деп мәжілісханалар мен көшелерде жариялатпаңдар. Сендерге шындығын айтамын, олардың өз сыйақысы бар.

Ал қайырымдылық берген кезіңде, оң қолыңның не істеп жатқанын сол қолың білмесін;

Осылайша жасаған қайырымдылықтарың құпия болмақ; сонда құпия істерді көретін Әкең саған сыйын бермек.

Ал сен дұға еткенде екіжүзділердей істеме, өйткені олар жұрт көзіне түсу үшін мәжілісханаларда және көше бұрыштарында тұра қалып мінажат еткенді жақсы көреді. Сендерге шындығын айтамын, олардың өз сыйақысы бар.

Бірақ сен дұға еткен кезде өз бөлмеңе кір де есігін жауып алып, көзге көрінбейтін Әкеңе сиын; міне құпия істі көретін Әкең саған сыйын бермек.

Бірақ дұға еткен кезде жалған іспетті құр сөз сөйлей бермеңдер, өйткені олар көп сөз айтсақ еститін болады деп ойлайды.

Бірақ, сендер сондайларға ұқсамаңдар, өйткені Әке сендер одан сұрамас бұрын, сендерге не қажет екенін біледі.

Осылайша дұға етіңдер: Көктегі Әкеміз, сенің киелі есімің қастерлене берсін.

10 Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындала берсін.

11 Міне біз өз қарыздарымызды кешіргеніміздей, біздің де қарыздарымызды кешіре гөр.

12 Міне бізді азғыруға жол берме, ал зұлымдықтан сақтай көр.

13 Өйткені патшалық пен құдірет және ұлылық мәңгі бақи сенікі. Әумин.

14 Өйткені, егер адамдардың жасаған күнәларын кешірсеңдер, көктегі Әке сендерді де кешіреді;

15 Ал егер сендер адамдардың күнәларын кешірмесеңдер, онда Әкелерің де сендердің күнәларыңды кешірмейді.

16 Сонымен қатар, ораза ұстаған кезде екіжүзділер сияқты мұңаймаңдар, өйткені олар ораза тұтатын болып көріну үшін түрлерімен адамдарға әдейі білдіреді. Сендерге шындығын айтамын, олардың өз сыйақысы бар.

17 Ал сен, ораза тұтқан кезде, басыңды майла да бетіңді жу;

18 Осылайша сен ораза ұстағаныңды адамдар алдында емес, көзге көрінбейтін Әкең ғана білетін болсын; сонда құпия істерді көретін ол сендерге сыйын бермек.

19 Жер бетінде өздеріңе қазына жинамаңдар, оларды көбелек пен тот бүлдіреді және ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді.

20 Бірақ өздеріңе қазынаны көкте жинаңдар, онда оны не көбелек жемейді, не тот та бүлдірмейді, ұрылар да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді.

21 Өйткені сенің қазынаң қайда болса, жүрегің де сонда болады.

22 Тәннің нұры — көз; егер, сондықтан сенің көзің адалдықты білдірсе, сенің денең түгелдей нұрға кенеледі.

23 Бірақ егер ашкөз болсаң, денеңді түгелдей қараңғылық басады. Егер сенің ішіңдегі нұр қараңғылық болса, ол қара түнек қандай үлкен болмақ!

24 Ешбір адам екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды; өйткені ол біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді немесе біріне ыждағаттылық танытып, ал екіншісін менсінбейтін болады. Сендер Құдай мен моммонға бірдей қызмет ете алмайсыңдар.

25 Міне дәл солай болды, Иса осы сөздерді айтқан соң, өзі таңдаған он екіге қарады да, оларға былай деді: Мен айтқан сөздерді есте сақтаңдар. Ал міне, осы халыққа қызмет ету үшін мен таңдаған адамдар сендерсіңдер. Сондықтан менің сендерге айтарым: не ішеміз немесе не жейміз деп өмірлеріңді; не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар. Өмір тамақтан, ал тән киімнен артық емес пе?

26 Аспандағы құстарды қараңдар, өйткені олар егін екпейді де, ормайды да, өнімін қамбаға жинамайды; бірақ сендердің көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер олардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?

27 Сендердің араларыңдағы қайсың уайымдап өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады?

28 Ал сендер неліктен киімдеріңді ойлап алаңдайсыңдар? Даладағы лалагүлдер қалай өсіп тұрғанын қараңдар: олар еңбек етпейді, жіп те иірмейді.

29 Ал мен сендерге айтамын: тіпті Сүлеймен де өзінің бар сән‑салтанатында олардың бірі сияқты киінбеген.

30 Сондықтан Құдай бүгін бар және ертең отқа тасталатын дала шөбін осылай киіндірсе, егер сенімдерің аз болмаса, сендерді ол одан бетер киіндірмей ме.

31 Сондықтан уайымдап, Не жейміз? немесе Не ішеміз? немесе Не киеміз? демеңдер.

32 Өйткені көктегі Әкелерің сендердің осының барлығына мұқтаж екендеріңді біледі.

33 Ең бастысы, Құдайдың Патшалығы мен Құдайдың әділ еркін іздеңдер, сонда мұның бәрі сендерге қосылады.

34 Сондықтан ертеңгі күнді ойламаңдар, өйткені ертеңгі күн өз істерін өзі ойлайтын болады. Әр күн үшін өзінің зұлымдығы жеткілікті.