Киелі жазбалар
3‑ші Нефи 12


12‑ші тарау

Иса он екі шәкіртін шақырады және оларға тапсырма береді. Ол нефиліктерге Таудағы уағызға ұқсас сөз сөйлейді. Ол шынайы бақыт жайлы айтады. Оның ілімдері басымды және Мұса заңынан асып түседі. Ол және Оның Әкесі қаншалықты мінсіз болса, адамдарға да солай мінсіз болу бұйырылған. Матай 5‑пен салыстыр. Шамамен Мәсіх туғаннан кейін 34 ж.

Міне дәл солай болды, Иса осы сөздерді Нефи мен сол шақырылғандарға айтқан кезде (шақырылған мен су рәсімінен өту құқығына ие болғандардың саны он екі болатын), ал міне, ол жиналғандарға қолын созып, былай деп айқайлады: Сендерге қызмет етіп және сендерге қызметші болу үшін араларыңнан мен таңдаған осы он екінің сөздеріне құлақ асатын болсаңдар, сендер бақыттысыңдар; міне мен оларға сендерді су рәсімінен өткізу үшін билік бердім; ал сендер су рәсімінен өткен соң, міне, мен сендерді отпен және Киелі Рухта су рәсімінен өткіземін; Сондықтан бақыттысыңдар сендер, егер сендер Мені көріп және Мен екенімді білген соң, Маған сеніп, су рәсімінен өтер болсаңдар.

Міне тағы, сөздеріңе сенетіндер одан да бақытты, өйткені сендер мені көргендеріңе куәлік етесіңдер және менің бар екенімді білесіңдер. Иә, сендердің сөздеріңе сенетіндер және кішіпейілділік танытып, су рәсімінен өтетіндер бақытты, өйткені оларға от пен Киелі Рух келеді және олардың күнәлары кешірілетін болады.

Иә, маған сол келгендердің рухы жарлылар бақытты, өйткені көктегі патшалық соларға арналған.

Міне тағы, қайғырғандардың барлығы бақытты, өйткені олар жұбатылатын болады.

Міне кішіпейіл жандар бақытты, өйткені олар жерді иемденетін болады.

Міне әділдікті аңсап зарыққандар бақытты, өйткені олар Киелі Рухқа толатын болады.

Міне мейірімділер бақытты, өйткені мейірімге бөленетін болады.

Міне жүректері пәк тазалардың бәрі бақытты, өйткені олар Құдайды көретін болады.

Міне татуластырушылар бақытты, өйткені олар Құдайдың балалары деп аталмақ

10 Міне менің атым үшін қуғынға ұшырағандардың бәрі бақытты, өйткені көктегі Патшалық соларға арналған.

11 Міне адамдар сендерді маған бола қорлап, қудалап, әр түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар;

12 Өйткені сендер зор қуанышқа бөленесіңдер және шексіз шаттыққа бөленесіңдер, өйткені көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр; өйткені олар сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған.

13 Сендерге мен шындығын, шындығын айтамын, мен сендерге жердің тұзы болуды тапсырамын; ал егер тұз дәмін жоғалтса, жер немен тұздалады? Тұз еш нәрсеге жарамсыз болып шыққандықтан, оны лақтырып тастап, аяқ асты ету ғана қалады.

14 Иә, мен сендерге шындығын айтамын: мен сендерге осы халықтың нұры болуды тапсырамын. Төбе басына орналасқан қаланы жасыру мүмкін емес.

15 Міне адамдар шырақ жағып, оны ыдыспен бүркеп қояды ма? Жоқ, бірақ шырақшаның үстінде, сонда оның жарығы үйдегілердің бәріне түседі.

16 Сондықтан осы адамдардың алдында сендердің нұрларың жаусын, осылайша олар сендердің игі істеріңді көреді және көктегі Әкелеріңді мадақтап дәріптейтін болады.

17 Мен заңды немесе пайғамбарлардың күшін жою үшін келді деп ойламаңдар. Мен жою үшін емес, орындау үшін келдім;

18 Өйткені сендерге шындығын айтамын, заңнан бірде‑бір нүкте де, бірде‑бір сызық та жойылған жоқ, бірақ оның барлығы менде орындалды.

19 Ал міне, сендер маған сеніп және күнәларың үшін өкініп, әрі маған жаралы жүрекпен және өкінішке толы рухпен келулерің үшін мен сендерге Әкемнің Заңы мен өсиеттерін бердім. Міне, сендердің алдарыңда өсиеттер бар, ал заң орындалды.

20 Сондықтан Маған келіңдер және құтқарылыңдар; өйткені сендерге шындығын айтамын, осы уақытта сендерге бұйырған өсиеттерімді орындамасаңдар, ешбір жағдайда Көк Патшалығына кіре алмайсыңдар.

21 Сендер ежелгі уақытта олардың айтқанын естідіңдер, ал бұл сендерден бұрын да жазылған: өлтірме, ал өлтірген әркімге Құдай өз үкімін шығарады.

22 Бірақ мен сендерге айтамын: кімде‑кім өз бауырына ашуланса, ол оған үкім шығарады. Ал кім бауырына: «Рақа» десе, жоғарғы кеңес алдында жауап бермек; ал кім: «Ақылсыз, ақымақ» десе, тозақ отына түседі.

23 Сондықтан, егер сен маған келсең немесе маған келуді қаласаң және бауырыңның саған қарсы бір нәрсесі бар екенін есіңе алсаң,

24 Бауырыңа бар, алдымен бауырыңмен татулас, сосын маған шын ниетіңмен кел, сонда мен сені қабылдаймын.

25 Қарсыласыңның қасында жүргенде, тез арада келісіп ал, ол сені кез келген уақытта ұстап алып, түрмеге жауып тастамас үшін.

26 Саған мен шындығын, шындығын айтамын, өтеміңді өтемейінше, ол жерден ешқашан шықпайсың. Ал түрмеде отырып, ең болмағанда бір өтемегенше бере аласың ба? Саған мен шындығын, шындығын айтамын: Жоқ

27 Міне, олар неке адалдығын бұзба деп ертеде жазған;

28 Бірақ мен сендерге айтамын: кімде‑кім әйелге құмарлықпен қараса, жүрегінде неке адалдығын бұзған болады.

29 Міне, мен сендерге өсиет беремін, осылардың ешқайсысының жүрегіңе енуіне жол бермейсіңдер;

30 Өйткені тозаққа лақтырылғаннан гөрі, өз айқыштарыңды көтеріп, осы нәрселерден бас тартқандарың жақсы.

31 Кім әйелімен ажыраспақ болса, ол оған ажырасу туралы жазбасын берсін деп жазылған.

32 Сендерге мен шындығын, шындығын сендерге айтамын: жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасқан әркім соның неке адалдығын бұзуына себепші болады; ал кімде‑кім ажырасқан әйелге үйленсе, сол да неке адалдығын бұзады.

33 Міне тағы былай деп жазылған: Антыңды бұзба, бірақ Жаратқан Иенің алдында берген антыңды орында.

34 Бірақ сендерге мен шындығын, шындығын айтамын: үстірт ант етуші болмаңдар, не көкті атап ант бермеңдер, ол Құдайдың тағы;

35 Не жермен де ант бермеңдер, ол оның табан тіреніші;

36 Өз басыңмен де ант берме, себебі сен бір шашыңды ақ немесе қара қыла алмайсың;

37 Бірақ сендердің сөздерің: Иә, иә; Жоқ, жоқ болсын; өйткені бұлардан артық нәрсенің бәрі зұлымдық.

38 Ал міне, көзге көз және тіске тіс, деп жазылған.

39 Бірақ мен сендерге айтамын: зұлымдыққа қарсы тұрмаңдар, бірақ кімде‑кім бетіңнің оң жағын ұрса, оған сол жағын да тос;

40 Ал егер кімде‑кім сені сотқа беріп, сырт киіміңді тартып алғысы келсе, оған шапаныңды да шешіп бер.

41 Ал біреу сені бір шақырым жерге еріп жүруге мәжбүр етсе, онымен екі шақырым жүр.

42 Сұрағанға мұқтажын бер және қарыз алғысы келгеннен де теріс айналма.

43 Ал міне былай деп те жазылған: Маңайыңдағы адамды жақсы көріп, жауыңды жек көр.

44 Бірақ міне менің сендерге айтарым: жауларыңды сүйіңдер, сендерді қарғағандарға батасын беріңдер, сендерді жек көретіндерге жақсылық жасаңдар және сендерді пайдаланып, қудалағандар үшін дұға етіңдер.

45 Осылайша көктегі Әкелеріңнің рухани балалары болыңдар: өйткені ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіреді.

46 Сондықтан заңға бағынған көне замандағы нәрселер, менде барлығы орындалды.

47 Ескі дүниелер жойылды да бәрі жаңаға айналды.

48 Сондықтан мен немесе көктегі Әкелерің кемелді болған сияқты, сендер де кемелді болғандарыңды қалаймын.