Киелі жазбалар
Алма 41


41‑ші тарау

Қайта тірілуде адамдар шексіз бақыт немесе шексіз қайғы-қасірет күйіне келеді. Зұлымдық ешқашан бақыт болған емес. Тәндік адамдар дүниеде Құдайсыз. Әрбір адам қайта қалпына келтіру кезінде жердегі өмірде алынған сипаттар мен қасиеттерді қайтадан алады. Шамамен 74 Иса Мәс. дейін.

1 Ал енді, балам, қалпына келтіру туралы айтылып жүрген бірер сөзім бар; міне, кейбіреулер жазбаларды бұрмалап, осының кесірінен қатты адасып кетті. Міне сенің де ойың осы нәрсеге алаңдағанын байқадым. Бірақ міне, мен саған мұны түсіндіремін.

2 Саған айтамын, балам, қалпына келу жоспары Құдайдың әділеттілігі үшін қажет; өйткені бәрі өз ретімен қалпына келтірілуі керек. Міне, Мәсіхтің құдіреті мен қайта тірілуіне сәйкес, адамның жаны өз денесіне қалпына келуі керек және дененің әрбір мүшесі өзінің қалпына келуі керек.

3 Міне Құдайдың әділдігі үшін адамдар істеріне қарай сотталуы қажет; егер олардың осы өмірдегі істері жақсы болса және жүректерінің қалауы жақсы болса, олар да соңғы күні жақсылыққа қайта оралуы керек.

4 Ал егер олардың істері жаман болса, оларға зұлымдық ретінде қайтарылады. Сондықтан барлық нәрсе өз ретімен қалпына келтіріледі, әр нәрсе өзінің табиғи негізіне көтеріледі – өлім өлмейтіндікке, бүліну – бүлінбеуге – Құдай патшалығын мұра ету үшін шексіз бақытқа немесе шайтанның патшалығын мұра ету үшін шексіз қайғы-қасіретке көтеріледі, бірі бір жағынан, екіншісі-екінші жағынан –

5 Бірі бақытты қалауы бойынша бақытқа немесе жақсылық қалауына қарай жақсылыққа көтеріледі; ал екіншісі зұлымдық қалауына қарай зұлымдыққа; өйткені ол күні бойы зұлымдық жасағысы келгені сияқты, түн түскенде де зұлымдықтың жазасын алады.

6 Екінші жағынан да солай. Егер ол күнәларына өкініп, күндерінің соңына дейін әділдікті қаласа, ол әділдік үшін марапатталады.

7 Бұлар — Жаратқан Ие арқылы өтелгендері; иә, міне, осылар шығарылғандар, сол шексіз қараңғы түннен құтқарылғандар; және осылайша олар тұрады немесе құлап кетеді; міне енді олар жақсылық жасаса да, жамандық жасаса да өздеріне төрелік етеді.

8 Енді Құдайдың жарлықтары өзгермейді; сондықтан кім қаласа, онымен жүріп, құтқарылуы үшін жол дайындалған.

9 Ал енді міне, балам, осы уақытқа дейін күнә жасау үшін тәуекел етіп келген ілімнің ережелері бойынша Құдайыңа қарсы тағы бір рет қауіп төндірме.

10 Қайта қалпына келу туралы айтылғандықтан, күнәдан құтылып, бақытқа жетесің деп ойлама. Міне, саған айтамын, зұлымдық ешқашан бақыт болған емес.

11 Міне енді, балам, жаратылыс күйінде немесе мен айтар едім, тәндік күйде болған барлық адамдар ащы өт пен зұлымдықтың байламында; олар дүниеде Құдайсыз және олар Құдайдың табиғатына қайшы келді; сондықтан олар бақыт табиғатына қайшы күйде.

12 Ал енді міне, қалпына келу сөзінің мағынасы табиғи күйдегі затты алып, оны табиғи емес күйге қою ма, әлде оның табиғатына қарама-қарсы күйге қою ма?

13 Әй, балам, бұл олай емес; бірақ қалпына келтіру сөзінің мағынасы зұлымдықты зұлымдыққа қайтару, немесе тәндік үшін тәндікті немесе шайтандық үшін шайтандықты – жақсылық үшін жақсылықты; әділ нәрсе үшін әділді; тек әділдік үшін; рақымды болғанға рақымды.

14 Сондықтан, балам, бауырларыңа рақымшылдық таныт; әділдікпен әрекет ет, әділ үкім ет, үнемі жақсылық істе; және егер осының бәрін істесең, сыйыңды аласың; иә, сен қайта рақымшылдық танытасың; саған әділеттілік қайта оралады; саған әділ үкім қайта қайтарылады; сонда саған тағы да жақсылық беріледі.

15 Өйткені жібергендерің өздеріңе қайта оралып, қайта қалпына келтіріледі; сондықтан қалпына келтіру сөзі күнәһарды толық айыптайды және оны мүлдем ақтамайды.