Киелі жазбалар
Алма 33


33‑ші тарау

Зенос адамдар барлық жерде дұға етіп, табынуы керек деп үйретті, ал үкімдер Ұлының арқасында жойылады. Зенок мейірімділік Ұлының арқасында беріледі деп үйретті. Мұса шөл далада Құдай Ұлының бір белгісін көтерді. Шамамен 74 ж. Иса Мәс. дейін.

1 Енді Алма осы сөздерді айтқан соң, олар ол айтқан осы жемісті алу үшін бір Құдайға сену керек пе, немесе тұқымды қалай отырғызу керек немесе ол олардың жүректеріне қондыру керек деген сөзін немесе олар өз сенімдерін жүзеге асыру керек деп ол айтқан сөзді білу үшін оған адам жіберді.

2 Міне Алма оларға былай деді: Міне, сендер синагогаларыңнан қуылғандықтан өз Құдайларыңа табына алмаймыз деп айттыңдар. Бірақ міне, сендерге айтамын: егер сендер Құдайға табына алмаймын деп ойласаңдар, қатты қателесесіңдер, сондықтан жазбаларды зерттеулерің керек; егер олар сендерге мұны үйретті деп ойласаңдар, сендер оларды түсінбейсіңдер.

3 Ежелгі заманның пайғамбары Зеностың дұға немесе табыну туралы айтқан сөздерін оқығандарың естеріңде ма?

4 Өйткені ол былай деді: Сен мейірімдісің, Уа Құдай, өйткені мен шөл далада болғанымда да дұғамды естідің; иә, мен маған дұшпан болғандар туралы дұға еткенімде, сен мейірімді болдың және сен оларды маған бұрдың.

5 Иә, уа, Құдай, мен өз даламда саған жалбарынғанымда, сен маған рақым еттің; мен дұғада саған жалбарынғанымда, сен мені естідің.

6 Тағы да, Уа, Құдай, үйіме барғанымда, сен дұғамды естідің.

7 Уа Құдай, мен бөлмеме барып, саған дұға еткенімде, сен мені естідің.

8 Иә, балаларың сені адамдарға емес, сені тыңдау үшін жалбарынған кезде сен оларға мейірімдісің, сонда сен оларды естисің.

9 Иә, Уа, Құдай, сен маған рақым еттің және қауымдарыңның арасында менің зарымды естідің.

10 Иә, мені жауларым жек көріп, қуылғанымда да мені естідің; иә, сен менің айқайларымды естіп, жауларыма ашуландың және тез арада қырып-жойып, қаһарыңмен оларға бардың.

11 Міне сен менің азаптарым мен шынайылығым үшін мені естідің; және өзіңнің Ұлыңның арқасында сен маған осылай мейірімді болдың, сондықтан мен барлық қайғы-қасіретімде саған жалбарынамын, өйткені менің қуанышым сенде; өйткені сен Ұлың үшін өз үкімдеріңнен бас тарттың.

12 Ал енді Алма оларға былай деді: Олар ертеде жазған Жазбаларға сенесіңдер ме?

13 Міне, егер солай етсеңдер, Зеностың айтқанына сенулерің керек; өйткені ол: Ұлың үшін үкімдеріңнен бас тарттың, – деді.

14 Енді, бауырларым, мен сұрар едім, сендер Жазбаларды оқыдыңдар ма? Егер олай болса, сендер Құдайдың Ұлына қалай сенбейсіңдер?

15 Өйткені бұл туралы жалғыз Зенос айтқан деп жазылмаған, бірақ Зенок бұл туралы да айтқан.

16 Міне, ол деді: Уа, Жаратқан Ие, бұл халыққа ашуланып тұрсың, өйткені олар Ұлың үшін оларға көрсеткен мейірімділігіңді түсінбейді.

17 Ал енді, бауырларым, Құдай Ұлы туралы ежелгі екінші пайғамбардың куәлік еткенін және оның сөздерін түсінбегендіктен, оны таспен атып өлтіргенін көріп тұрсыңдар.

18 Бірақ міне, бұл бәрі емес; Құдайдың Ұлы туралы айтқан жалғыз бұлар емес.

19 Міне, ол туралы Мұса айтқан; иә, міне, шөл далада бір нышан көтерілді, сонда кім оған қараса, тірі қалады. Міне көпшілік қарап, тірі қалды.

20 Бірақ бұл нәрселердің мағынасын аз ғана адамдар түсінді, ал бұл олардың жүректерінің қаталдығынан. Бірақ қарамайтындай қатып қалғандар көп болды, сондықтан олар жойылды. Енді олардың қараудан бас тарту себебі, бұл оларды емдейтініне сенбегендіктен.

21 Уа, бауырларым, егер сауығу үшін жай ғана көздеріңді көтеру арқылы ғана сауығып кететін болсаңдар, бірден қарамайсыңдар ма, әлде жүректеріңді сенімсіздікпен қатайтып, жалқаулық танытып, көздеріңді көтермей, сол үшін өлесіңдер ме?

22 Олай болса, сендерге қасірет болады; бірақ егер олай болмаса, онда көздеріңді көтеріп, Құдай Ұлына сене бастаңдар, ол өз халқын босату үшін келеді және олардың күнәларын өтеу үшін азап шегеді және өледі; міне ол қайта тірілуді жүзеге асыру үшін өлгеннен қайта тіріледі, барлық адамдар соңғы және қиямет күнінде істеріне сәйкес сотталу үшін оның алдында тұрады.

23 Ал енді, бауырларым, осы сөзді жүректеріңе қондыруларыңды қалаймын, әрі ол өсе бастаған кезде оны сенімдеріңмен нәрлендіріңдер. Енді міне, ол сенің ішінде серпіліп мәңгілік өмірге әкелетін ағашқа айналады. Сонда Құдай Ұлының қуанышы арқылы жүктерің жеңіл болуын нәсіп етсін. Ал егер қаласаңдар, мұның бәрін жасай аласыңдар. Әумин.