Киелі жазбалар
2‑ші Нефи 21


21‑ші тарау

Есейдің өзегі (Мәсіх) әділдікпен төрелік етеді. Құдай туралы білім Мыңжылдықта жер бетін қамтиды. Жаратқан Ие жалауын көтеріп, Исраилді жинайды. Ишая 11‑мен салыстыр. Шамамен 559–545 ж. Иса Мәс. дейін.

1 Міне Есейдің өзегінен жас өркен өсіп шығады, ал тамырынан бұтақ шығады.

2 Міне оған Жаратқан Иенің Рухы қонып, даналық пен түсінушілік рухы, ақыл‑кеңес пен құдірет рухы, білімділік пен Жаратқан Иеміздің терең қастерлеу рухы дарытады.

3 Міне Жаратқан Иені қастерлеу үшін оны ақылды етеді; ол тек көрген сырт пішінге сүйеніп үкім шығармайды, құлақтан естігеніне де сүйене айыптамайды.

4 Бірақ ол жарлыларға әділдікпен төрелік етіп және жер бетіндегі жапа шеккендердің мүддесін қорғайды; міне аузынан шыққан үкімдер жерді дүре соғады; ал аузынан шыққан деммен зұлымдардың көздерін құртады.

5 Міне әділдік оның бел белдігі, ал адалдық оның белін бекем буады.

6 Қасқыр қозымен тату‑тәтті тұрып, қабылан лақпен бірге тынығады; бұзау да, жас арыстан да және өгіз де қатар жатады; және оларды жас бала басқаратын болады.

7 Ал сиыр мен аю қатар жайылатын болады, олардың бұзаулары мен қонжықтары бірге тынығатын болады, ал арыстан өгіз сияқты сабан жейтін болады.

8 Ал сәбилер сұр жыланның інінің қасында ойнайтын болады, ал балдырғандар зәрлі жыланның ұясына қолын емін‑еркін тығатын болады.

9 Олар менің бүкіл қасиетті тауымда ешқандай зұлымдық пен қиянат жасамайды, себебі су теңізді толтырғандай, жер де Жаратқан Иені жақыннан танып білетін болады.

10 Ал сол күні Есейдің тамыры пайда болады, ол халықтарға тігілген ту сияқты белгі болады; басқа ұлттар Оған бет бұрады; және оның демалатын орны салтанатты болады.

11 Міне дәл солай болады, сол күні Жаратқан Ие, Ассурда және Мысырда және Патроста және Құшқада және Еламда және Шинарда және Хамат пен теңіз аралдарында тірі қалған өз халқын қайтару үшін тағы да құдіретті қолын алға созады.

12 Міне ол ұлттарға арнап туын көтеріп белгі береді, және Исраилден қуылғандарды қайтарып және дүниенің төрт бұрышынан бытыраған Яһуда халқын жинайды.

13 Ефремнің қызғаныштары да кетеді және Яһуданың жаулары жойылады; Ефрем Яһуданы қызғанбайды және Яһуда Ефремге бұдан былай қастық жасамайтын болады.

14 Бірақ екеуі бірігіп батысқа қарай аттанып, қырат беткейімен құлдырап түсіп, Філістірлерге шабуыл жасайды; және Едом мен Моабқа билік құрады; және Аммон да оларға бағынады.

15 Міне Жаратқан Ие Мысыр теңізінің шығанағын біржола құртады; өзінің күшті желімен ол өзенге қолын бұлғап жеті ағынға бөледі, сонда оны адамдар аяқ қиімін суламай жаяу өте алатындай етіп істейді.

16 Міне оның халқының тірі қалғандарына Ассурдан шығатын даңғыл жол болады, ол Мысыр жерінен шыққан күнгі жол Исраил үшін сол күйінде қалмақ.